«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК басшылығы Алматы қаласында өткен «Транскаспий халықаралық көлік маршруттары» халықаралық қауымдастығы» жұмыс тобының отырысына және заңды тұлғалар қауымдастығының Жалпы жиналысына қатысты.

Отырыстар барысында қатысушыларға Қауымдастықтың 2019 жылғы қызметінің қорытындылары, сондай-ақ 2020 жылға арналған даму жоспарлары туралы есеп ұсынылды. Қауымдастық мүшелері контейнер тасымалы айтарлықтай өскенін атап өтті.

Өткен жылы ТХКМ маршруты бойынша жиырма футтық эквиваленттегі 26 мың (TEU) тасымалданған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 70% -ға көп. TХКM арқылы контейнер тасымалы көлемін арттырудың негізгі драйвері – 2019 жылғы сәуірде Каспий теңізінде Ақтау мен Баку порттары арасында, теңіз операторы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰҚК болып саналатын жаңа фидерлік желінің іске қосылуы болды.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың жазғы мезгілінен бастап Қазақтеңізкөлікфлоты ұлттық тасымалдаушы ТХКМ қатысушы-елдеріндегі серіктестерімен кеме қатынасын дамыту бойынша ауқымды жұмысты бастаған болатын.